Уәлиханов Шота

Уәлиханов Шота - сәулетші ualikhanov_shota.jpg

Уәлихан, Шот-Аман Ыдырысұлы (Шота Уәлиханов) — сәулетші.  26.4.1932 ж. туған, Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген сәулетшісі (1978), профессор, Шығыс елдері Халықаралық сәулетші академиясының академигі (2001).

Ш.Ы.Уәлиханов бірнеше ірі ғимараттардың, 20 монумент пен ескерткіштің (басқалармен бірге) авторы. Солардың қатарында: Алматы қаласындағы “Динамо” стадионы (1958), “Универсам” дүкені (1979), “Казгипрозем” үйінің (1983) ғимараттары; Уәлиханов ескерткіші (1969; Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлығы, 1970), Ә.Жангелдин, Т.Бокин (екеуі де 1975), Ғ.Мұратбаев (1984), Шығыс Қазақстан облысы Қарауыл ауылындағы Абай (1970), Көкшетау қаласындағы Т.Бигелдинов (1998), Қостанай қаласындағы А.Байтұрсынов (1999), Астана қаласындағы Кенесары Қасымұлы (2001), т.б. ескерткіштері; Д.Қонаев бюсті (1985), Тәуелсіздік монументі (1996, жоба авторы әрі жетекшісі), т.б. Уәлиханов 1996 ж. Қазақстан Республикасының жаңа мемлекеттік елтаңбасы бойынша өткен байқауында ҚР сәулетшілер одағының алтын медалі мен дипломын алды, елтаңба (қараңыз Герб) авторы. Сондай-ақ ол Қазақстан сәулет және бейнелеу өнерінің көкейтесті мәселелерін көтерген көптеген ғылыми мақалалар; сонымен қатар бірқатар драмалық шығармалардың да (“Шоқан”, алғаш рет 1962 ж. қойылған; “Ағнұр”, 1982; “Тағдыр”, 1984; “Террор”, 2000) авторы; бірқатар пьесалары республикалық (Алматы) және облыстық (Көкшетау, Қарағанды, Шымкент) театрлары сахнасында қойылды. Халықаралық сәулетшілер одағының дүниежүзілік 12 – 13, 20-конгрестеріне (Мадрид, 1975; Мехико, 1978; Пекин, 1999) қатысты. “Құрмет” орденімен марапатталған

1932 ж. сәуірдің 26-ында Көкшетау облысының (қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы) Айыртау ауданындағы Сырымбет ауылында туған.

Мәскеу сәулетшілік институтын бітірді.

«Қазақстан қала құрылысын жобалау» институтының қызметкері, Алматы қаласының бас сәулетшісінің орынбасары,

Қазақстан Сәулетшілер одағы басқармасының төрағасы болды.

Республикалық тарихи және мәдениет ескерткіштерін қорғау қоғамының төрағасы.


Қазақ тілін дамыту ісіне үлесіңізді қосып мақала жазам десеңіз жазған мақалаңызды осы адреске (kazakeng@gmail.com) жіберіңіз.

Бірігіп қазақ тілін өркендетейік!