Гелий

Гелий (лат.: Helium) —, Не – элементтердің периодтық жүйесінің VІІІ тобындағы химиялық элемент; ат. н. 2, ат. м. 4,0026.

tumblr_lqkcytglki1qmyxvuo1_400.png Гелийді 1868 ж. француз астрономы Ж.Жансен мен ағылшын астрономы Дж. Н. Локьер күн сәулесінің спектрінен тапқан, 1895 ж. ағылшын химигі У.Рамзай радиоактивтік клевеит минералынан бөліп алған.

Қалыпты жағдайда Гелий – бір атомды түссіз, иіссіз, инертті газ, қайнау t – 268,93°С, тығызд. 0,178 г/л. Сұйық Гелий кванттық сұйықтықтарға жатады, себебі оның атомдары макроскопиялық көлемде кванттық қасиет көрсетеді. Сұйық 4Не (бозе-сұйықтық) 2,17 К° темп-ра мен 0,005 МПа қысымда фазалық өзгеріске ұшырап, Не І және Не ІІ сұйықтықтарына ыдырайды.

Не ІІ – аса аққыш сұйықтық, өте жіңішке түтікшелерден ешқандай үйкеліссіз ағып өтеді. Оның мұндай қасиетін 1938 ж. П.Л. Капица ашқан.

Не І қатты қайнаса, Не ІІ баяу қайнайды, бұл ерекшелік Не ІІ-нің өте жоғары жылу өткізгіштігімен байланысты. Сұйық 3Не (ферми-сұйықтық) абсолюттік нөл темп-ра мен 3,4 МПа қысымда аса аққыштық қасиетке ие болады. Сұйық Гелий басқа сұйықтықтарға қарағанда қалыпты қысым мен 0°К темп-рада қатпайды, оның кристалдануы үшін өте жоғары (2,5 МПа астам) қысым қажет.

Газ күйіндегі Гелий пластмассадан, шыныдан және кейбір металдардан жасалған қоршаулардан жеңіл өтіп кетеді. Гелийді табиғи газдар қоспасын арнаулы аппараттарда төмен темп-рада басқа газдардың барлығын сұйылтып барып алады. Газ күйіндегі Гелий металдарды жоғары темп-рада кесу, пісіру, балқыту процестерінде; жартылай өткізгіштер өндіруде, тағамдарды консервілеуде қолданылады. Сұйық Гелий ғылыми-зерттеу жұмыстарында төмен температурадағы процестер үшін салқындатқыш ретінде және өте төмен температураны өлшейтін термометрлерді толтыру үшін пайдаланылады.

Қазақ тілін дамыту ісіне үлесіңізді қосып мақала жазам десеңіз жазған мақалаңызды осы адреске (kazakeng@gmail.com) жіберіңіз.

Бірігіп қазақ тілін өркендетейік!