Бас бет arrow Энциклопедия arrow Оптикаarrow Просмотр термина

Көзілдірік

Көзілдірік – көздің оптикалық кемістігін түзету, Күн сәулесінен, шаң-тозаңнан, химиялық заттар әсерінен қорғау үшін қолданылатын құрал. eyeglass.jpgКөзілдірік шынысының сәулені жинайтын (“+”) (алыстан көргіштікті түзету үшін) және сәулені шашырататын (“–”) (алыстан көрмеушілікті түзету үшін) түрлері болады. Көзілдірік екі жағы ойыс (“–”) не екі жағы дөңес (“+”) шыныдан жасалады.

Сонымен қатар, Көзілдірік шынысы көздің қасаң қабығына жапсырылып та киіледі (жапсарлы линза). Көздің көруі өте нашарлағанда 2 – 3 қатар линзадан жасалған Көзілдірік қолданылады.

Кейбір адамдардың алыстан көргіштігі де, жақыннан көруі де нашарлайды. Мұндайда екі Көзілдірік кимеу үшін жоғары бөлігімен алыстағыны, төмен бөлігімен жақындағыны көруге болатын шыныдан жасалған құрама Көзілдірік беріледі. Жастың ұлғаюына байланысты (40-тан асқан адам газет, кітап оқу үшін) әр түрлі шынылы Көзілдірік киюге тура келеді.

Көздің көру кемістігін қалыптастыру үшін киілетін Көзілдіріктің қай түрін болса да дәрігердің нұсқауымен кию керек. Көзді күн сәулесінен қорғайтын Көзілдіріктің шынысы қоңыр, қара, көк, күлгін, жасыл түсті болады. Мұндай Көзілдіріктер қолданылуына байланысты әр түрлі пішінде жасалады. Болат қорытушылар, химиялық өндіріс жұмысшылары үшін арнайы қалың шыныдан екі бүйірі жабық Көзілдірік шығарылады.