Баспахана

Баспахана, типография (гр. typos — қолтаңба және гр. graph — жазамын) — баспа өнімдерін (газет, кітап, журнал, т.б.) шығаратын өнеркәсіптік полиграфиялық кәсіпорын. 1259920104_tipografia.jpgОнда офсеттік баспа басым болса, әдетте, фабрика деп аталады.
Баспаның бірнеше түрін қолданатын ірі Баспахана полиграфиялық комбинат болып саналады. Шығаратын өнімінің сипатына қарай Баспахана газеттік, газет-журналдық, кітаптық, бланктік болып, ал орналасу мекені мен жұмыс көлеміне қарай орталық, облыстық, қалалық, аудандық болып бөлінеді.

Баспахана құрамына, негізінен, компьютерлік (бояу реттейтін, сұлба, суреттер салатын), терімдік, баспа қалыбын әзірлейтін цинкографиялық, парақтық немесе ротациялы машиналармен басып шығаратын, бетті бүктеп, түптейтін өндірістік цехтар енеді. Баспаханада негізгі цехтармен қатар, жөндеу-механикалық цех, қағаз және түптеу материалдарын әзірлейтін цех, лаборатория, сондай-ақ, қағаз, материал, шала өнім мен даяр өнімдер сақталатын қоймалар болады.

Қазіргі ірі және орташа Баспаханалар баспа қалыбын әзірлеу, басып шығару және өнімдерді өңдеу үшін сан алуан жабдықтармен қамтамасыз етілген. Өте дәл технол. жабдықтардың көмегімен күрделі процестер жүргізудің нәтижесінде сапалы баспа қалыптары әзірленеді. Газет-журнал, кітап, т.б. жазық (парақтық) не ротациялы машинада, ал мұқаба, әр түрлі суреттер шағын форматты парақтық офсеттік машинада басылады. Өңдеу цехтарында баспа парақтарын бүктеуге, тігуге, кесуге, блоктауға, т.б. арналған машиналар пайдаланылады. Кітап басатын ірі Баспаханалар тәулігіне ондаған, жүздеген мың дана кітап шығарады.

Қазақстанда алғашқы Баспаханалар 20 ғасырдың басында ұйымдастырыла бастады. Солардың бірі Бөкей ордасында құрылған (1910) Орда баспаханасы. Кеңес өкіметі жылдарында Қазақстанның ірі қалаларында, барлық облыс орталықтары мен аудандарында Баспаханалар ашылды. 20 ғасырдың 80-жылдары елімізде 57 республикалық, 16 облыстық, 14 қалалық, 197 аудандық Баспаханалар болды.

Қазақстан Республикасының тәуелсіз мемлекеттігін жариялап (1991), ел экономикасының нарықтық қатынастарға көшуіне орай әр түрлі меншік нысанындағы ірілі-ұсақты Баспаханалар саны күрт көбейді. 20 ғасырдын соңында олардың ең ірілері негізінен газет-журнал басып шығаратын респ. “Дәуір” баспаханасы, кітап-журнал басылымдарын басып шығаратын респ. “Кітап” өндірістік бірлестігі және негізінен мектеп оқулықтарын басып шығаратын “Атамұра” корпорациясы болды.

Сондай-ақ, республикаға белгілі “Киік” жарнама агенттігі, “Жеті жарғы” жабық акционерлік қоғамы, қазақ-американдық бірлескен “Франклин” Баспаханасы әр түрлі баспа өнімдерін шығарады.