Балта

Балта —  шабуға, жаруға қолданылатын шапқыш құрал balta.jpg

Балта — ағашпен жұмыс істегенде шабуға, жаруға қолданылатын өткір жүзді, металдан жасалған ағаш сапты шапқыш құрал. Жұмыстың ыңғайына, пайдаланылуына қарай балтаның да бірнеше түрі бар: жуан дөңбектерді жаруға арналған балтаны шой балта (шүй балта); шеберлер ұстайтын жүзі өткір ақ балта; отын жаруға пайдаланылатын қарапайым қара балта; шотбалта - бір жағы шот, бір жағы балта сияқты жасалған, шабуға, жаруға және ұсақтап, жұқалап шабуға болатын құрал; ағашты оя шабуға арналған жүзі қобылай куыс соғылған қуыс балта.

Шеберлер тілінде балта, балға, шот сияқты құралдардың ортақ атауы ретінде балта шот, балға шот тәрізді сөздер қолданылады. Балтамен ерге қажетті ағаш дайындау барысында сына деп аталатын көмекші құрал да қолданылады. Сына - жуан ағашты жаруға, яғни желімделген ағаш бөліктерін қысып тұруға арналған көмекші құрал. Оны қайың, қарағай, емен сияқты қатты ағаштардан кесіп-жонып немесе темірден де жасайды. Сынамен дөңбекті жару үшін алдын ала балтамен із салып алады. Одан соң ағаш сынаның жүзін сол із-жарыққа қадап, оны балтаның шүйдесімен емес, қапталымен жайлап ұрады. Сынаны балтаның шүйдесімен ұрса, ағаш сына жарылып кетуі мүмкін. Сондықтан сынамен, балтамен жұмыс істегенде осы әдіс қолданылады. Шеберлер кейде жарылмасын деген мақсатпен сына жүзінің қарсы жағын темірмен құрсаулап қояды. Ол сынаның мойнағы деп аталады. Қазақы ортада ағаш ұсталарын балташы деп те атаған. Балташылық өзіндік дәстүр мен қалыптасқан тәсілдері бар кәсіптің түрі болды


Қазақ тілін дамыту ісіне үлесіңізді қосып мақала жазам десеңіз жазған мақалаңызды осы адреске (kazakeng@gmail.com) жіберіңіз.

Бірігіп қазақ тілін өркендетейік!