Бас бет arrow Энциклопедия arrow Құрылысarrow Просмотр термина

Алматы теледидар мұнарасы

Алматы теледидар мұнарасы — радио-теледидар хабарларын тарататын станса кешені.

almaty_tower.jpg

Алматы теледидар мұнарасы — радио-теледидар хабарларын тарататын станса кешені. 1975 — 84 ж. Алматы қаласы маңындағы теңіз деңгейінен 1000 м биік Көктөбе беткейіне тұрғызылған (сәулетшілері: Н.Г. Терзиев, А.Н. Савченко; конструкторлары: Н.К. Акимов, Б.В. Остроумов).

Мұнараның биіктігі 372 м, онда екі жүрдек лифт және арнаулы жүк көтергіш механизм жұмыс істейді. Темір-құйматасты іргетасы (көлемі 15 мың м²), биіктігі 20 м үш қабатты секциялы жертөледен және биіктігі 12 м екі қабатты техникалық үйден тұратын біртұтас қорапты құрылым. Діңгегінің металл бөлігі 18,5 м профильді анодталған алюминий панельдермен қапталып, кейбір тұстары шыны витражбен бөлінген. 146 м биіктігінде қала көркін тамашалауға арналған алаң бар.

Ал 252 м биіктікте антенналық-фидерлік жүйелерді техникалық қадағалау қызметі бөлімі орналасқан. Мұнара биіктігі 114 м секциялы металл антенна этажеркасымен бітеді. Әр секцияда теледидар мен радио хабарын таратуға арналған антенналар бар. Ол антенналар арқылы 80-190 км радиуста 5 арнада телехабар және 4 арнада радиохабар толқындары таратылады

Техникалық қызметке арналған үйдің бірінші қабатында телерадио хабар стансасы, байланыс аппараттары мен гидроқызметті қадағалайтын басқару құралдарымен жабдықталған кабинеттер бар. Екінші қабатта мұнараның көру алаңынан қаланы тамашалағысы келетіндерді қабылдап, оларды алаңға жеткізуді ұйымдастырушыларға арналған бөлмелер орналасқан.

Алматы теледидар мұнарасы сейсмикалығы (10 балл) жоғары таулы ауданда бой көтерген бірегей кешен.


Қазақ тілін дамыту ісіне үлесіңізді қосып мақала жазам десеңіз жазған мақалаңызды осы адреске (kazakeng@gmail.com) жіберіңіз.

Бірігіп қазақ тілін өркендетейік!