Бөкетов Ебіней

Бөкетов Ебіней - көрнекті ғалым, техникалық ғылымының докторы 303135.png

Ебіней Арыстанұлы Бөкетов (1925 ж. наурыздың 23, Қырғыз (Қазақ) АКСР Солтүстік Қазақстан облысы қазіргі Шал ақын ауданы Бағанаты ауылы - 1983 ж. желтоқсанның 13, Қарағанды) — көрнекті ғалым, техникалық ғылымының докторы (1967), профессор (1967), Қазақ КСР Ғылым Академиясының академигі (1975), КСРО Жазушылар одағының мүшесі (1974).

Қазақ тау-кен металлургия институтын (қазіргі Қазақ ҰТУ) бітірген (1950). 1951-1953 ж. осы институттың аспиранты. 1954-1960 ж. сонда ассистент, кафедра доценті, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары, 1960-1972 ж. Қазақ КСР Ғылым Академиясының Химиялық-металлургия институтының директоры (Қарағанды), 1972-1980 ж. Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры. 1980-1983 ж. Қазақ КСР ҒА-ның Химиялық-металлургия институтында аға ғылыми қызметкер, лаборатория меңгерушісі болды. 1970 ж. Қазақ КСР Ғылым Академиясының корреспондент мүшесі болып сайланған. 1969 ж. Ғылым мен техника саласындағы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бөкетов химия саласындағы жаңа бағыттың – халькогендер мен халькогенидтердің химиясы мен технологиясының негізін салған. Бөкетов мыс-электролиттік шламдардан селен, теллур элементтерін бөліп алудың пиро- және гидрохимиялық әдістерін жасап, Д.Менделеев жасаған Элементтердің периодтық жүйесіндегі химиялық элементтер аналогтарының жіктеліміне түзетулер енгізді. Металлургиялық тотықсыздандырғыштар арқылы көмірді сутектендіру мүмкіндігін дәлелдеді. 50 өнертабыстың, 10 патенттің иесі.

Ол басқарған ұжым бес бірдей авторлық куәлікке ие болып, Канада, АҚШ, Австралия, Швеция, Франция, ФРГ, Жапония, Италия тәрізді елдер патент тапсырған. Осы институтта түрлі түсті, сирек және бытыраңкы металдар зертханасын ашады. Бұл Қазақстан ғылымы үшін күтпеген жаңалық еді. Өзі басқарған осы зертханада молибден, вольфрам, селен және теллур бойынша зерттеулер жүргізген. 1965 жылы еңіс торлы шахта пештерінде бір топ құрастырушы түйіршіктелген жезқазғандық концентраттарды күшейткіш күйдіруден өткізу үрдісін алғаш енгізген. Осы еңбегі үшін ол КСРО-ның авторлық куәлігіне қоса 1969 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығын иеленген. Бөкетов жаңалығы Ресейдің Орал электр мыс комбинатында, Жамбылдың фосфор, Теміртаудың "Карбид" зауыттарында қолданылған. Екінші жаңалығы — флотациялық байыту сатысында бос жыныстардан айырып алуға жеңіл көнетін, тотықтандырылатын мысты сульфидтік түрге айналдыру. Соның арқасында жарамдылығы аз кендерден жоғары сапалы шикізат алынып, табиғат байлығы арта түскен. Осы екі табысы оны әлемге танытты. 1966 жылы докторлык диссертациясын ойдағыдай қорғап, төрт жылдан соң Қазак КСР ҒА-ға мүше-корреспондент, бес жылдан кейін академик болып сайланды. 1972 жылы ашылған Қарағанды мемлекеттік университетінің ректоры болып тағайындалған. Жаңа оқу орнының құрылысы, оқу-әдістемелік, ғылыми, тәрбиелік және тағы да басқа жұмыстар танымал ғалымды сырттай шаруашылық басшысына ұқсатып жібергенімен, ол қашанғы ұстамды, батыл мінезінен таймады, республикадагы екінші университетті аяғынан тік тұрғызып, жоғары білім берудегі төрт қабырғасын берік етіп қалап, атақ-даңқын биікке көтеріп берген. 1972 жылы тақырыптық жоспарға 10 жұмыс енгізілсе, арада жеті жыл өткенде 15 ғылыми бағыт бойынша 91 тақырып орындалған. Мәскеу, Ленинград, Алматы, Новосібір т.б. қалалардың жоғары оқу орындарымен байланыс орнатқан.

Қазақ тілін дамыту ісіне үлесіңізді қосып мақала жазам десеңіз жазған мақалаңызды осы адреске (kazakeng@gmail.com) жіберіңіз.

Бірігіп қазақ тілін өркендетейік!